28
октябрь
2018
Психологиялық түзету.

Адам баласы өзінің тіршілік ғұмыры ұзақ па, әлде қысқа ма бәрі бір, оның биологиялық және психикалық қуат күшінің аса мол қоры, сонау нәресте кезінен бастап жинақталуға тиісті. Ондай мол қуат бала болмысында, еркін де жасқанбай жігерлі өскенде ғана жетілмек. Ата-ананың қайырымы да, төзімді тәрбиелерінің арқасында, баланың көңіл-күйі мен түйсік сезімдерінің қанағаттануы ғана емес, сонымен қоса оның интелектісінің де еркін дамуына мүмкіндік алады. Түсініскен ортада тәрбиеленген балаларда ғана аса төзімді де жігерлі психика калыптасатыны белгілі. Жоғарыда айтылғандай, сәби шағынан психикасы қатты дөрекіліктерге ұшырап, үлкен зардап шексе, ондай балалардың психикасын орнына келтірудің өзі өте үлкен қиындықтарға соқтырады. Тіпті ондай балалардың көпшілігі неврологиялық клиникаларда жатып емделеді. Жалпы, мұндай балаларға психологиялық түзету жасаудың жолы, қанша ауыр болғанмен де, әр түрлі әдістерді қолданып көмекке келмеуге болмайды.
Сонда, ең әуелі мұндай жағдайда не істеу керек?
Бәрінен бұрын баланы жайына қалдырған жөн.
Әрине мұндай кеңес, ата-ананың көңілін алақұйын етіп, не істерін түсінбей абдыратары да тіпті көңілдері қалғандай өкпе-наздарын да айтқызбақ. Бірақ, басқа шара жоқ. Егер, тән құрлысы жарақаттанса, оны тыныштандырып жатқызуды ата-ананың өзі де біледі. Осы тәрізді жан дүниесі жарақаттанған балаға да керегі тек белгілі уақытқа дейін тыныштық екенін түсінуіміз керек. Үлкендер жағы өзінің қателіктерін дереу мойындаумен қоса, мұндай сәттегі тәрбие берудің әдістерін үйренгенше, баланы тыныш қалпында қалдырғаннан артық шара жоқ. Міне, осы қателігін өзгертуі-психологиялық өзгертудің пәрменді бір тетігі болып табылады. Әрине, мұндай бет бұрыс ата-анамен тәрбиеге қатысы бар үлкендерге де оңай емес. Бірақ баланың келешегі үшін ешқандай мәймөнкесіз, дереу ұстамдылық пен мейрімділікке ауысу қажет. Ендігі жерде, бала мен ата-анасының түсініскен достық қатынастары ғана істің жайын анғарта алады. Осының бәрін табиғи қалыпта дамытуды ескерген жөн. Әйтпесе, көсеудің екінші жағын басып қалған тәрізді, тағы да маңдайыңа аяусыз соққы тиюы ғажап емес. Сондықтан, бала тәрбиесіне жас қосылған ата-аналар кәдімгідей ақ дайындалмай болмайды. Шындап келгенде, адам тәрбиесінің қыр-сырынан қиын өнердің болуы мүмкін емес. Оның қажеттігін қаблетіңе қарай емес, таныстауына қажет ауадай міндетті түрде иеленуің керек.
Психикалық зардап шеккен балаға психологиялық түзетулер жасаудың кейбір жолдары:
1.Баланың міндетті түрде тәрбиелеу керек. Ал, жаңа көз қараспен тәрбиелеу үшін, үлкендер жағы өздерін тексеруі қажет. Баланың келешегіне қажетті ендігі тәрбие, соншама үлкен тазалықты талап етеді.
2.Егер үлкендер жағы, өзін-өзі баланың ыңғайына қарай өзгерте алмаса, ары қарай баланы тәрбиелеуден өз ықтиярымен бас тартқаны жөн.
3.Ешқандай күш көрсету тәлімін жүргізуге болмайды. Бұл баланың келешегін сындыру мен құрту деген сөз.
4.Үлкендердің қатаңдығы мен қатыгездігі арқылы баланы жасытып жөндемеймін деу, барып тұрған надандық.
5.Тек қана мейірім мен сүйіспеншілік, екі жақтыда адамдық сипатқа жеткізетінін ұққан жөн.
6.Психологиялық түзету жүргізетін кезеңнің бәрін де басынан бастап, тек қана төзімділік керек! Тәрбиелік іс-әрекет үстінде-сабырды ілтипат, салқынқандылық, ұстамдылық қажет.
7.Баланың саналы түсінігіне сенім көрсете отырып, өзара қарым-қатынастың жетістігі дәлелді де мазмұнды болғаны дұрыс. Жеткен жетістіктер әділетті бағаланғаны мен, тым асыра мадақтаудың да орнын алмауын қадағалау керек есте болсын. Артық айтқан мақтау сөз, ешқашанда жақсылық әпермейді.